Версия для слабовидящих

«Үш тілде білім беру — ұтымды шешім»

«Үштұғырлы тіл» туралы идеяны мемлекет басшысы 2006 жылдың қазанында өткен Қазақстан халқы ассамблеясының XII құрылтайында жария етті6 ал 2007 жылғы “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа жолдауында “Тілдердің үштұғырлылығы” атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Идеяның негізі Қазақстанды бүкіл әлем халқы үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде таныту. Басқаша айтқанда, үштұғырлы тіл идеясын мынадай әрі қарапайым, әрі түсінікті формуламен көрсетуге болады: мемлекеттік тілді дамытамыз, орыс тілін қолдаймыз және ағылшын тілін үйренеміз.

Айта кетелік, үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені, қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, “ақылды” экономиканы енгізіп жатқан елдер қарыштап дамуда. Ал бұл бағыттағы толайым табыстарға, ілім-білімге алып барар жол – ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйрену. Қай заманда болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Мысалға, ежелгі дүниедегі Мысырдың өзінде бірнеше тілді білетін мамандар иерархиялық сатымен жоғарылап, көбіне салық төлеуден босатылған. Сондай-ақ, бүгінгі Еуропада да көп тілді меңгерушілік жалпыға ортақ норма болып саналады. Яғни, бүгінгі таңда  Орталық Азияның көшбасшы мемлекетіне айналған Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.

Тараз қаласындағы білім мекемелерінде де бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы гимназиялар мен мектеп-гимназияларда ағылшын тілі пәні кеңейтілген бағдарламалар негізінде оқытылып, қазақ, орыс және ағылшын тілі пәнінің озат тәжірибелі мұғалімдерінен арнайы жұмыс топтары құралған,   тілдік үйірмелер тыңғылықты жұмыс атқаруда.

Қазіргі кезде оқушыларға ағылшын тілін оқытудың әртүрлі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа технологияларын, ақпараттық және компьютерлік жүйелер арқылы ізденіс жұмыстарын жандандыра түсудің мүмкіндіктері жасалған. Шетел тілін оқытуда лингафондық құрал-жабдықтар, аудио, видео кешені – оқушылардың ауызша және жазбаша  аударудағы білім жетілдіру, сөздік қорын қосымша жаңа сөздермен байыту, толықтыру, ой-өрісін дамыту мақсатында қолданылады. Сондай-ақ оқыту процесінде мультимедия бағдарламасының көмегімен, ғаламтордан алынған әлемдік жағдайлар, педагогикалық технологиялардың  түрлі әдіс – тәсілдері, коммуникативтік бағыттағы оқыту элементтері кең қолданылады. Тілге байланысты оқу процесінде жүйелі жетілдіру жұмыстары жүргізіліп отырады, атап айтсақ ашық сабақтар, пікір-сайыстар, семинар, конференциялар, практикалық сабақтар, дөңгелек үстелдер, кездесулер, өзара сабаққа қатынасып талдау, оқушылардың зерттеу жұмысымен айналысулары, сонымен қатар жеке ізденіс жұмыстарына басшылық ету.

Сонымен қатар,  2012 жылдың наурыз айынан бері  ҚР Білім және Ғылым министрлігі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үздік тәжірибесін енгізу мен тарату бойынша 35 базалық білім беру ұйымы ретінде  белгіленген мектептердің құрамында Тараз қаласының №1 гимназиясы да бар.  «НЗМ» ДББҰ-ның іс-тәжірибесін ҚР білім беру жүйесінде таратудың негізгі бағыттарының бірі — көптілділік. Гимназияда Ұлыбританияның  Priory High School, St.Pauil’s Catholic College мектептерінің және Талдықорған қаласының НЗМ-нің жұмыс тәжірибесі бойынша күнделікті 15 минутты кітап оқуға бөлу бойынша «Reading time» жобасы іске қосылды, 2014-2015 оқу жылынан бастап аталған жоба аясында көптілділік бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп отыр: оқушылар 1-семестрде қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқыса, 2-семестрде – орыс тілді шығармалармен танысады, ал 3-семестрде ағылшын тілінде шетел шығармаларын оқиды, сондай-ақ  Ұлыбританиядағы  St.Pauil’s Catholic College мектебінің тәжірибесі бойынша әр семестрде бір рет өткізілетін «Креативті апта» жобасы іске қосылған.

Көптілді білім берудің педагогикалық-психологиялық аспектілері тақырыбында эксперименталды алаң  ретінде бекітілген №35 «Ер Төстік» балабақшасы 2013 жылдан бері қарай балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруда  қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде үйірме  жұмыстары жүргізіледі   (5+ жасар балаларға арналған «ABCD» ағылшын тілі үйірмесі; 4+ жасар балаларға арналған «Расскажу сам» орыс тілі үйірмесі; 3+ жасар балаларға арналған «Тәтті тіл» қазақ тілі үйірмесі).

Бүгінгі таңда елімізде үш тілде білім беру мәселесі көкейкесті мәселелердің бірі. Осыған орай, жалпы орта білім беру мекемелерінде үш тілде білім беретін педагогтар, әсіресе жаратылыстану-математикалық бағытындағы (математика, физика, химия) пәндерді қазақ-орыс-ағылшын тілінде оқытатын пән мұғалімдеріне, мектепке дейінгі мекемелерде үш тілді меңгерген тәрбиешілерге деген  қажеттілік  туындап отыр.

«Тілі бірдің – тілегі бір», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» екендігін жадымызда ұстай отырып, ел бірлігінің негізі — тіл бірлігіне қол жеткізу жолында қызмет ету парыз. Ендеше  жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып-білуге деген қызығушылықтары мен ұмтылыстарын арттыру арқылы олардың Отанға деген махаббатын оятып, өз тағдырын ел тағдырымен мәңгілікке байланыстыратын ұрпақ болып қалыптасуына қол жеткізу — басты міндетіміз.

 

Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы Г.Заурбекова

Be the first to comment

Leave a Reply

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау