Версия для слабовидящих

Жұмысшылар мүддесі қорғалады

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан бес институционалдық реформа мен «100 нақты қадам»  Ұлт  жоспарын іске асыру мақсатында, 83-қадамда еңбек қатынастарын ырықтандырып, жаңа Еңбек кодексін әзірлеу тапсырылған. Осы негізде 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Еңбек кодексі қолданысқа енгізілді.

Елімізде экономиканың қарқынды дамуына байланысты қолданыстағы Еңбек кодексі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген принциптермен қатар, Халықаралық еңбек ұйымының ұстанымдары мен конвенцияларына, халықаралық  еңбек стандарттарының талаптарына сәйкестендірілді. Қабылданып, қолданысқа енгізілген Кодексте еңбек қатынастарын, еңбек қатынастарымен тікелей байланыс-ты әлеуметтік әріптестік, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қатынастарын реттей отырып, жұмыс беруші мен қызметкерлер арасындағы еңбек қатынасы саласына мемлекеттің араласу шеңберлері нақтыланып, тараптардың тең болуын қамтамасыз етуді есепке ала отырып, еңбек қатынастары субъектілерінің рөлі мен жауапкершілігі айқындалған. Мемлекет өз тарапынан қызметкерлерге базалық кепілдіктер мен өтемақыларды төменгі еңбек стандарттарын, негізгі құқықтары мен міндеттерін белгілеп, олардың жұмыс берушілер тарапынан орындалуына қатаң бақылау жүргізуге және олардың орындалуына кепілдік береді. Жұмыс беруші мен қызметкерлер арақатынастары еңбек шартымен, жұмыс берушінің актісімен, келісіммен және ұжымдық шартпен реттеледі. Тараз қаласы әкімдігінің, кәсіподақтардың және жұмыс берушілердің бірлестіктері арасындағы еңбек және әлеуметтік-экономикалық қатынастар мәселелері жөніндегі үш жақты комиссия  құрылып, өз жұмысын жүргізіп отыр. Комиссияның қарауында жалақы қарызын  өтеу, туындаған еңбек дауларын шешу жолдары қарастырылған. Жыл басынан 8 мекемеде жалақы бойынша қарыздары 131,62 млн.теңге болса, осы мәселелер комиссия отырысында қаралды.  Бүгінде жұмыс беруші мен жұмысшы арасын байланыстырып тұратын кәсіподағымыз мәдениет, спорт және ақпарат саласындағы 101 мекеменің бастауыш кәсіподақ ұйымдарының басын біріктіріп отыр. Кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 4319 бірлікті құрайды. Басты мақсатымыз – Еңбек кодексін басшылыққа алып жұмыс жасау, әлеуметтік әріптестікті сала бойынша, мекеме деңгейінде жандандыру. Ол үшін барлық деңгейдегі келісімдер мен шарттар қабылданып, сол арқылы еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық тұрғыда ахуалының жақсаруын, еңбек қатынастарының құқықтық тұрғыда қорғалуын, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қол жеткізіліп отыр. Сондай-ақ, сауықтыру-демалу шараларын ұйымдастыру арқылы еңбеккерлердің және олардың отбасы мүшелерінің денсаулығын нығайту да, заңнамамен бекітілмеген жеңілдіктер мен жәрдемақылар беру де осы келісімдер мен ұжымдық шарттар арқылы жүзеге асып отыр.

Жалпы, жаңа Еңбек кодексінде әлеуметтік қорғау, әділеттілік, екінші жағынан, экономикалық тиімділік арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті үйлестіруді сақтау көзделгендіктен, сала қызметкерлерінің мүддесін қорғайтын азаматтық қоғамның бір бөлігі ретінде алдағы уақытта Ұлт жоспарын орындауға жұмыла атсалысатын боламыз.

 

Гауһар Олжабаева,

Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.

 

Be the first to comment

Leave a Reply

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау