Версия для слабовидящих

Тың бастамалар алды

Журналистермен болған брифингте Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерболат Саурықов оқу орнында Бес халықтық реформаны жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде іске асырылып жатқан жұмыстар барысын айтып берді.

ТИГУ 2014-2015 оқу жылында жоспарлы мемлекеттік аттестаттаудан өтіп, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Білім саласындағы бақылау комитетінің бұйрығымен 23 бакалавр және 10 магистратура мамандықтары бойынша білім беру қызметін жүргізіп келеді. Университет профессор-оқытушыларының ғылыми әлеуеті жоғары.  Студенттерге 20-ға жуық ғылым докторы, 80-нен астам  ғылым кандидаты, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкерлері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегерлері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» конкурсының жеңімпаздары сапалы білім беру үстінде.

Университетте ректордың сөзінше, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бекітілген 2011 жылға арналған кредиттік оқу технологиясын жетілдіру жоспарында Болон үдерісін іске асыру аясында оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға көп көңіл бөлінген. Мәселен,  Германия, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Түркия, Латвия, Қырғызстан және Өзбекстан сынды мемлекеттермен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру шеңберінде әріптестік туралы келісімшарттар жасалып, ортақ білім беру қызметі жүргізілуде. Сондай-ақ университетте оқытылатын корей тілінің мамандары арнайы шақыртылып, баспанамен қамтылған. Бүгінгі таңда оқу орнының 15 студенті корей тілін меңгеріп, келесі оқу жылдарында Оңтүстік Корея мемлекетіне жолдамамен бару мүмкіндігіне ие болған екен. Сонымен қатар университеттің профессор-оқытушылары Қытай мемлекетінің жоғары оқу орындарында іссапарда болып, білім мен ғылымды инновациялау бойынша тәжірибе жинақтауға, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін шет мемлекеттерде жариялауға  мүмкіндіктер алыпты. Университет кәсіптік қызметі мен әлеуметтік–экономикалық  жетістіктері үшін Францияның  Канны қаласындағы Халықаралық Іскер Кеңесі (ХІК) мен  Женевада орналасқан  «Бизнес және басқару» INSAM институтыҚорыныңшешіміменжоғары деңгейдегі іс-тәжірибелері мен  жетістіктері үшін «Еуропалық грант» номинациясы бойынша арнаулы сыйлықты иеленіпті.

Жоғары оқу орнының басшылығынан өзге, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаттығын қатар алып жүрген Ерболат Саурықов жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керектігін алға тартып отыр.

— ТИГУ-де оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ студенттерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Осы оқу жылының өзінде 22 миллионнан астам теңге бөлініп отыр. Алдағы уақытта да Елбасы Жолдауында көрсетілген білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беру мақсатында жоспарланған бағыттар басшылыққа алынатын болады. Әсіресе, бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру, орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту, кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру  бағыттары жоғары білімді мамандар даярлаудың заманауи талаптарын өтеумен қатар, мемлекеттің әлемдік деңгейде таныла беруіне игі әсерін тигізетіні даусыз деп білемін. Мәселен, студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибе базаларымен екі жақты  келісімшарттар жасалған. Атап айтатын болсақ, ҚР Энергетика министрлігінің  Ядролық физика институтымен, Жамбыл облыстық  ғылыми-зерттеу ветеринария стансасымен, басқа да облыстық, республикалық  іргелі кәсіпорындармен бірлесіп жұмыстар атқарып келеміз.

Бұған қоса, университеттің профессор-оқытушылары заманауи талаптарға сәйкес өз біліктіліктерін жетілдіруде. Ағымдық оқу жылында «Білім» мамандықтарының оқу жоспарына 4 кредитпен оқытылатын «Мұғалімнің кәсіптік бағдары» атты оқу курсы енгізілді. Осыған сәйкес, көптеген оқытушылар «Өрлеу» біліктілікті жоғарылатудың ұлттық орталығында арнайы курстардан өтті, — дейді Ерболат Байұзақұлы. Сондай-ақ ол университетте талантты қолдап, шығармашыл жастарға серпін беру, олардың өзін-өзі оқыту мен дамытуына көп көңіл бөлінгенін тілге тиек етіп, өңір намысын абыроймен қорғап жүрген танымал боксшылар Олжас Сәттібаев пен Асланбек Шынбергенов, каратэші Гузалия Гафуровалардың жетістігін мақтанышпен жеткізді.

 

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

 

Be the first to comment

Leave a Reply

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау