Версия для слабовидящих

Сот реформасындағы сілкініс

Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары тұрғысынан «Сот-құқықтық реформасы» тақырыбында республикалық жиын өтті.

Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Әбдірайым, облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев, ҚР Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков, Жоғарғы сот кеңесінің жанындағы Біліктілік комиссиясының қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Ілияс Рамазанов және облыс судьяларының, прокуратура, әділет, адвокаттар алқасының өкілдері мен медиаторлар қатысты. Жиынды ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Әбдірайым ашып, жүргізіп отырды. Бақытжан Жарылқасынұлы алдымен Мәжілістің заң шығару жұмыстары жөнінде кеңінен айтып өтті. Әсіресе Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің  атқаратын қызметі туралы, бірқатар қолданыстағы заңнамалардағы, Қылмыстық-процессуалдық кодексіндегі өзгерістер туралы баяндады. Сот жүйесінің алдында тұрған нақты міндеттер, тергеу судьясының қылмыстық процестегі атқаратын рөлі, олардың өкілеттілігі жөнінде кеңінен тоқталып өтті.

Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жиынның мән-маңызына тоқталды.

– Жиынға Мәжіліс депутаттарының, Жоғарғы сот судьялары, Жоғарғы сот кеңес өкілдерінің қатысуы отырысымыздың мәртебесін айқындап отыр. Еліміз 30 дамыған мемлекеттің қатарынан көріну межесін белгілеп берді. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында «Мәңгілік Ел» табалдырығынан аттадық. «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарының 5  институционалды реформасының негізгі мақсаты — болашағы біртұтас ел қалыптастыру, еліміздің тәуелсіздігін күшейту және оны мәңгілік ету. Осы реформаны жүзеге асыру бағытында аймақта жұмыстар өз дәрежесінде атқарылып келеді. Өткен жылы облыс экономикасының барлық салаларында көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізілді. Былтыр  мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында 870-ке жуық мемлекеттік қызметші оқытылды.  Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 2000-нан астам жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының әкімшілік қызметшілері аттестаттаудан өткізілетін болады. 5  институционалды реформаны іске асыру  әлемдегі экономикалық тұрақсыздық жағдайға қарамастан, еліміздің одан әрі қарқынды дамуына серпін берері сөзсіз. Бүгінгі саралап айтылған ортақ ой-пікірлеріңіз іске асырылып, ел болашағы үшін қызмет етсін, — деді Бекболат Серікбекұлы.

Облыстық соттың төрағасы Рүстем Алшынбаев Ұлт жоспары аясында мемлекеттің, қоғамымыз бен экономикамыздың дамуына іс жүзінде нақты құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік беретін көптеген заң күшіне енгенін айтып, жаңғыртылған заңдар қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратыны сөзсіз екенін жеткізді. «Судьяларға қойылып отырған біліктілік талаптары күшейтілді. Судьялықтан үміткерлерді таңдаудың жаңа жүйесі жасалды. Заманымыз жаңарып, заңдарымыз жетіліп, билігіміз бен бірлігіміз жарасып, тірлігіміз берекелі бола түсті. Судьялар қауымдастығы өзінің алдында тұрған жауапты да зор міндеттерін абыроймен  атқара  берері сөзсіз» –деді ол. ҚР Судьялар одағының төрағасы Мұсабек Әлімбеков Ұлт жоспарының бағыттарының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету болып табылатынына ерекше көңіл аударды. «Судьялардың съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Судьялардың халықаралық қауымдастығының Қазақстан Судьялар одағын толыққанды мүшелікке қабылдауы – біздің сот жүйесін реформалауда жеткен жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі» деп атап көрсете келіп: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты межелерінің бірі – осы. Ендеше, міндеттеріңіз айқын, бағыттарыңыз белгілі. Өздеріңізге артылған үмітті ақтап, адал жұмыс істейтіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ төрелік пен адал қызмет серік болсын» деген тілегін жеткізген еді. Еліміздің  жүйесі өзіне артылған сенімді ақтап келеді. Елбасының бес институттық бағдарламасының заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған екінші бағытын жүзеге асыру мақсатында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында сот жүйесіне берілген тапсырмалар қысқа мерзім ішінде орындалып келеді» — деді Мұсабек Тұрғынбекұлы.

Жиында  сот жүйесі жұмысының және судьяларды іріктеу жүйесін жетілдіру сұрақтары талқыланды. «Медиация туралы» Заңын сот тәжірибесінде қолданудың кейбір мәселелері, медиация тәртібін қылмыстық заңнамаға кеңінен енгізу мүмкіндігі де талқыға ұсынылды. Сот жүйесін дамытуға қатысты іргелі заңдардың қабылдануы өз нәтижелерін беріп келе жатқаны, бітімгершілік институттары дамығаны айтылып,  медиаторлардың қатысуымен қаралатын істердің саны жыл сайын артқаны да сөз болды.

Бақытжан Әбдірайым басқосуды қорыта келе: «Ұлт жоспары заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы соттар жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бес институционалды реформаның ең басты тәжірибелік құндылығы да осында» — деді.

Be the first to comment

Leave a Reply

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау