Версия для слабовидящих

Сөзден іске көшетін сәт туды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарияланған сәттен бастап, қазақ әліпбиін латын графикасына негіздеу мәселесі қоғамда кеңінен талқыға түсті. Бұл мәселені біз тұтас ел болып егжей-тегжейлі ой елегінен өткіздік. Әр саланың мамандары өз пікірлерін ортаға салып, еш іркілместен көзқарастарын жариялы түрде білдіріп, мемлекет үшін маңызды тірліктен тысқары қалған жоқ. Бұған қалай ғана қуанбайсың?! Бұл біздің зайырлы мемлекет екенімізді айғақтаса керек.
Еліміздің рухани жаңғыруы латын графикасын қолға алудан басталып отырғаны қуантады. Ұсынылған жобалар терең талдау мен зерделеуден өтті. Нәтижесінде сөзден іске көшетін сәт туғанын ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жобаны мақұлдауды жөн деп тапты. Соның нәтижесінде әліпбиімізді кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен міндет жүктеп отыр.
Тәуелсіз Қазақстан дамуының жаңа белесіне жаңа латын графикасына негізделген әліпбимен аяқ басуға талпынып отырғаны зиялы қауым өкілі ретінде бізді де қуантады. Тарихсыз ел болуы мүмкін емес. Осы тұрғыдан алып қарасақ, қазақ тарихында латын графикасы ілгеріде қолданыста болғанын білеміз. Талай-талай тарихи кітаптар, құнды деректер дәл осы әліпбимен тасқа қашалып жазылған болатын. Ендеше, бұл жазу үлгісі бізге таңсық емес екені мәлім.
Дамудың даңғыл жолын таңдаған әрбір зайырлы мемлекет айналасына қарайды. Әлемде орын алған, орын алып жатқан саяси-мәдени, ғылыми, инновациялық жаңалықтарды ой зердесінен өткізеді. Талдайды, таразылайды. Ал жаһандану көші ешкімді басынан сипай қоймайды. Бәріне дайын болуымыз керек. Латын графикасы – соның бірі. Байқап-бажайласақ, латын графикасына негізделген әліпбиді әлем елдерінің 70-80 пайызы қолданады. Мұның өзі бұл жазудың танымалдылығын, ғаламдық өркениетте алатын орнын айқындап тұрған жоқ па? Ендеше, біздің мемлекеттің де ұстанып отырған стратегиялық бағыты дұрыс.
Бұл мәселенің әбден сүзгіден өткізіліп, жан-жақты көзқарастар ескеріліп барып тарихи шешімін тауып отырғаны көңілімді марқайтады. Ұсынылған жобаларға елдің асқан белсенділікпен үн қосқаны қазақстандықтардың мемлекет болашағына бейжай қарай алмайтынын көрсетеді. Ұлт болашағы, ұрпақ келешегі үшін жасалып жатқан игі қадам өз жемісін беретіні талас тудырмайды.
Әуелде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел ішінде дүркін-дүркін әңгімеге арқау болған латын графикасына көшу мәселесіне біздің мемлекет кемеліне келіп алған сәтте кірісіп отырғаны – Елбасының көрегенділігі. Елдің әл-ауқатын түзеп барып, мұндай жалпыхалықтық сипатқа ие мәселені көтермесек, ұтқанымыздан ұтылғанымыз көп болар еді. Бүгінде шүкір, халықтың тұрмыстық деңгейі түзелді. Енді әлеуметтік мәселеден елдік мәселеге назар аудара алатын жағдайға жетіп отырмыз. Мұны сарабдал саясаттың жемісі демей көр.
Өсетін ел бүгінін емес, ертеңін ойлайды. Өйткені, тумысынан данышпан қазақ халқы «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөзді ілгеріде текке айтпаған. Сондықтан да ұлт болашағы, жас буынның кемел келешегі үшін әрбіріміз жауаптымыз. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі – сол жастарымыздың жарқын болашағы үшін жасалып отырған игі қадам. Сол себепті мен Елбасының осы ісін қос қолдап қуаттаймын, құптаймын. Және барша отандастарымыздың солай ететініне бек сенімдімін. Зымыран уақыт зуылдап өте шығады. Бүгінгі жас буын жаңа әліпбидің жемісі мен жеңісіне әлі-ақ куә болады деп пайымдаймын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен қолға алынып отырған жаңа әліпбиіміз қолданысқа енетін сәт жақын. Осы бір тарихи кезеңмен халқымызды құттықтай беруге де болатын секілді. Ендеше, жаңа әліпбиіміз баянды, ғұмырлы болып, ел дамуына қызмет ете берсін дегім келеді.

Қайырбек Асанов,
ақын.

Тараз қаласы.   http://akjolgazet.kz/?p=57972

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау