Версия для слабовидящих

Баянды бастама

«Қоғамдық келісім» мекемесінде Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – бірегейлік пен жаңғыру негізі» атты алқалы жиын өтіп, оған  ғалымдар және тіл жанашырлары қатысты.

Басқосуды қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай ашып, жүргізіп отырды. Жиында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесін халық арасында түсіндіру жұмыстары бойынша ортақ ойлар айтылып,  алдағы уақытта нақты істер жоспары айқындалды.

– Ағымдағы жылдың 26 қазан күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру  туралы тарихи жарлыққа қол қойды. Латын әліпбиіне көшу – бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының маңызды бастамаларының бірі. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды іске асыруда арнайы топ құрылып, елдімекендерде түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізеді, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.

Ал Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының профессоры, ф.ғ.д., қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бойынша республикалық жұмысшы топ төрағасының орынбасары Әлімхан Жүнісбекке тақырыпқа байланысты өз ойын ортаға салып, алдағы атқарылатын жұмыстарға жіті тоқталды.

– Әліпби ел арасында жеңіл қабылдануы үшін, оның таңбалануы да жеңіл болуы керек. Бұл жиын осы мәселе төңірегінде өрбіді. Латын қарпіне көшудің басты мақсаты – тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылады. Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосып, жемісі мен  жеңісін әкелері сөзсіз. Олай болса, ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету, – деді профессор.

Сонымен қатар жиында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы Тұрсынай Әбдіқадырова сөз алып, аталмыш оқу орнында латын қаріпіне көшудің көші қалай жүргізіліп жатқандығын айтып, Елбасының шешімін қолдайтындығын жеткізді. Ал М.Х.Дулати атындағы ТарМУ филология ғылымының кандидаты, доцент Әзімхан  Ыбырайым, Ә.Бөкейханов атындағы № 1 гимназияның директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты  Ләззат Қызылқұлова жаңа әліпбидің маңыздылығы мен бағыт-бағдарына тоқталды.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау