Версия для слабовидящих

Бірегейлік пен жаңғыру негізі

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы «Облыс тұрғындары арасында қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру» жобасы аясында Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөнінде құрылған республикалық жұмысшы топтың өкілі ТарМПУ оқытушылары құрамы және студенттерімен кездесті.

Қазақ жазуын латын графикасына көшіру және Елбасының Жарлығымен бекітілген жаңа әліпбиді кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға Қазақ жазуын латын графикасына көшіру бойынша республикалық жұмысшы топ төрағасының орынбасары, А.Байтұрсынов  атындағы Тіл білім институтының аға ғылыми қызметкері, профессор Әлімхан Жүнісбек қатысты. Жиында ТарМПУ ректоры Дария Қожамжарова латын қарпіне көшу тарихи оқиға екенін атап өтіп, жұмысшы топтың өкіліне жақында оқу орнының 50 жылдығы аталып өтілгенін жеткізді. Сол ауқымды шара барысында студенттердің ұсынысы бойынша келесі 50 жылдыққа аманат хатын арнайы құтыға салынып, жерге көмілгенін айтып, ол аманат хат латын қарпінде жазылғанын жеткізді. Мұнан соң Әлімхан Жүнісбек сөз тізгіндеп, латын әліпбиіне көшу мемлекеттік шаруа екенін сөз етті. Әліпби кемшіліксіз болмайтынын тілге тиек еткен ол  кемшіліктерді емле-ережелер арқылы реттеуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ профессор Мемлекет басшысына соңғы ұсынылған әліпби ұнағанын айтып, осы әліпбиге көшкен елдердің тәжірибесін тілге тиек етті.

– Латын әліпбиі қазіргі заманда әлем жұртшылығы арасында кең тараған әліпби. Түркі мемлекеттерінің ішінде Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түркменстан латын әліпбиін қолданады. Бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтың көпшілігімен еркін қарым-қатынас жасап, әлемдік ақпараттық кеңістікке кең жол ашуымызға мүмкіндік беретін графика ретінде танылып, бүгінде латын әліпбиіне көшу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі экономикасы дамыған отыз елдің қатарынан орын алу ісіне, мемлекеттік тілдің ұлттық бет-бедерін сақтап қалуға, түбі бір туыс түркі халықтарымен рухани-мәдени жақындасуына, электронды ақпарат құралдарын жылдам игеруге оң ықпал етеді, – деді Ә.Жүнісбек. Сондай-ақ Тіл білім институтының аға ғылыми қызметкері қазақ тілі төл дыбыстарының басын ашып алу қажеттігін алға тартып, апострафқа негізделген әліпбиге соншалықты дайындықтың қажет емес екенін айтты.

Шарада оқытушылар құрамы мен студенттер латын әліпбиіне көшу ісін қолдайтындықтарын, оны насихаттау жұмыстарына белсенділік танытып жатқандарын жеткізді. Жиын соңында жастар профессорға сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау