Версия для слабовидящих

Адамдар көп жиналатын объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптар

Адамдар көп жиналатын объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптар

 

Адамдар көп жиналатын объектілер міндетті түрде күзет сигнализациясы жүйесімен және құралдарымен, кіруді бақылау және басқару жүйесімен (бірінші аймақты қоспағанда), хабардар ету жүйесімен және құралдарымен, телевизиялық бейнебақылау жүйесімен жарақталады.

Адамдар көп жиналатын барлық объектілерде белгіленген тәртіппен сертификаттау органдарында, сынақ зертханаларында (орталықтарында) сертификаттаудан өткен, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сертификаттау жүйесінің Мемлекеттік тізілімінде аккредиттелген және тіркелген жүйелер мен техникалық құралдар орнатылады.

Күзет сигнализациясы жүйесіне қойылатын талаптар:

Күзет сигнализациясы жүйелері санкциясыз кіру туралы хабарлауы тиіс;

Күзет сигнализациясы жүйелері негізгіден резервтікке және кері электрмен қоректендіру көздерін қайта қосу кезінде жалған дабылдар бермеуі тиіс;

Күзет сигнализациясы жүйелері оларды басқаруға санкциясыз енуден қорғалады.

Кіруді бақылау және басқару жүйесіне қойылатын талаптар:

Кіруді бақылау және басқару жүйесі объектілердегі өткізу және объектішілік режимді ұйымдастыруды қамтамасыз етуі және объектіні кірудің негізгі үш аймағына бөлуді көздеуі тиіс:

1) бірінші аймақ — персоналдың, келушілердің кіруі шектелмеген ғимараттар, аумақтар, үй-жайлар;

2) екінші аймақ — кіру персоналдың шектелген құрамына, сондай-ақ бір реттік рұқсат қағаздары бойынша немесе объект персоналы ілесіп жүретін келушілерге рұқсат етілген үй-жайлар;

3) үшінші аймақ — қатаң түрде белгіленген қызметкерлер мен басшылардың кіруіне болатын объектінің арнайы үй-жайлары.

Кіруді бақылау және басқару жүйесі екінші және үшінші аймақтағы кіру шектелген үй-жайларға санкциясыз кіруді болдырмауды қамтамасыз етеді.

Кіруді бақылау және басқару жүйесі сәйкестендіру белгілерін іріктеу немесе таңдау арқылы манипуляциядан қорғалуы, ал конструкциясы сыртқы пішіні мен құрама бөлшектеріндегі жазбалар қолданылатын кодтардың әшкереленуіне әкеп соқтырмауы тиіс.

Телевизиялық бейнебақылау жүйесіне қойылатын талаптар:

Телевизиялық бейнебақылау жүйесі көрнекі ақпаратты күзет бөлімшесінің арнайы бөлінген үй-жайында (болған жағдайда) не болмаса орталықтандырылған күзет пунктінде орналасқан техникалық құралға немесе жинауға, өңдеуге, көрсетуге және тіркеуге арналған техникалық құрал жиынтығына беруді қамтамасыз етуі тиіс. Ақпаратты сақтау мерзімі кемінде 30 тәулікті құрауы тиіс.

Телевизиялық бейнебақылау жүйесі күзетілетін аймақтардағы (аумақтағы, үй-жайлардағы) ахуалға бақылау жүргізуге, сондай-ақ санкциясыз ену фактісін көзбен шолып растауға, ахуалды бағалауға және құқық бұзушыларды сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Телевизиялық бейнебақылау жүйесі автоматтандырылған режимдегі жұмысты қамтамасыз етуі тиіс.

Жекелеген ғимаратта (ғимараттар кешенінде) орналасқан объектідегі телевизиялық бейнебақылау жүйесімен:

1) объектіге іргелес жатқан аумақтың периметрі;

2) бақылау-өткізу пункттері (бар болса);

3) тексеріп қарау үй-жайлары (бөлмелері) және көлікті тексеріп қарау аймағы (бар болса);

4) бас және қосалқы кіру есіктері;

5) адамдар көп жиналатын үй-жайлар (орындар) жабдықталуы тиіс.

Ғимараттың бір бөлігінде орналасқан объектідегі телевизиялық бейнебақылау жүйесімен:

1) адамдар көп жиналатын үй-жайларды (орындарды);

2) бас және қосалқы кіру есіктерін (бар болса) жабдықтау қажет.

Егер күзетілетін аймақтағы жарықтандыру телекамералардың сезімталдығынан төмен болса, тәуліктің қараңғы уақытында көрінетін немесе инфрақызыл жарық диапазонының күзеттік жарықтандырылуы қосылуы тиіс. Күзетілетін жарықтандыру аймақтары телекамералардың шолу аймағымен сәйкес келуі тиіс.

Хабардар ету жүйесіне қойылатын талаптар:

Объектідегі және оның аумағындағы персонал мен келушілерді төтенше жағдайлар (авария, өрт, табиғи зілзала, шабуыл жасау, террористік акт) және қалыптасқан жағдайдағы іс-қимылдар кезінде жедел хабардар ету үшін хабардар ету жүйесі құрылады.

Объектіде мыналарды:

1) лауазымдық міндеттерінде штаттан тыс жағдайлардың алдын алу немесе олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларға қатысуы көзделген қызметкерлерді шақыру схемасын;

2) штаттан тыс жағдайлар кезінде қызметкерлердің іс-қимылдарын регламенттейтін нұсқаулықтарды;

3) эвакуациялау жоспарларын;

4) хабардар ету сигналдарының жүйесін қамтитын хабардар ету жоспары әзірленуі тиіс.

Хабардар ету жүйесі мынадай талаптардың (сипаттамалардың) орындалуын:

1) ғимараттарға, үй-жайларға, адамдар тұрақты түрде немесе уақытша болатын объекті аумағындағы учаскелерде дыбыстық және (немесе) жарықтық сигналдар беруді;

2) қауіптілік сипаты, эвакуациялау қажеттілігі мен жолдары, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да іс-қимылдар туралы сөйлеу ақпаратын трансляциялауды;

3) «Азаматтық қорғаныс туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес хабардар ету сигналдарын қамтамасыз етуі тиіс.

Хабардар ету жүйесі бойынша адамдарды эвакуациялау:

1) авариялық және күзеттік жарықтандыруды қосумен;

2) эвакуациялық процесті қиындататын (өтетін жерлерде, тамбурларда, баспалдақ алаңдарында және басқа жерлерде адамдардың топталуы) дүрбелеңнің және басқа да көріністердің алдын алуға бағытталған арнайы әзірленген мәтіндерді берумен;

3) эвакуациялау бағыттары мен жолдардың жарық нұсқағыштарын қосумен;

4) қосымша эвакуациялық шығу есіктерін (мысалы, электр магниттік құлыптармен жабдықталған) қашықтан ашумен сүйемелденуі тиіс.

Хабардар ету жүйелерінің коммуникацияларын объектінің радиотрансляциялау желісімен біріктіріп жобалауға жол беріледі.

«Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 3 сәуірдегі № 191 қаулысынан үзінді.

 

 

Тараз қаласының әкімдігі

 

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау