Версия для слабовидящих

ТАРАЗ ТУРИСТІК ҚАЛАҒА АЙНАЛАДЫ

27 қазан – Тараз қаласының күні. Биыл тараздықтар атаулы күнге үлкен дайындықпен келіп отыр. Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов аймаққа басшылыққа келген алғашқы күннен-ақ облыс орталығының ажарын арттырып, көркіне көрік қосу үшін үлкен бастамаларды қолға алды. Сондай-ақ, апта сайын қала сәулетіне, құрылысына қатысты арнайы жиын өткізіп, мүмкіндігінше көне шаһарды көріктендіру, абаттандыру және жаңғырту бойынша бастамаларды қолға алды. Иә, бұл жұмыстар өз жемісін бере бастады.  Ал осыдан алты ай бұрын облыс әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа қаланың тізгінін ұстатып, сенім артқан болатын. Бүгінгі күні облыс орталығындағы жаңарған саябақтар мен скверлер, абаттанған аулалар мен көшелер, әдемі әрленген әлеуметтік нысандар мен ескерткіштер – бәрі-бәрі көне шаһар көркіне көрік қосуда. Бұл – облыс және қала басшылығының бірлесе атқарған жұмысының жемісі. Қала күні қарсаңында қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымовпен сұхбаттастық. Ғалымжан ӘБДІРАЙЫМОВ, Тараз қаласының әкімі: – Ғалымжан Райылұлы, облыс орталығындағы жаңарған саябақтар мен скверлер, абаттанған гүлзарлар мен көшелер жаңа келбет алды. Оны көріп те жүрміз. Көптің де көңі­лінен шығып отыр. Бүгінгі күнге дейін жүзеге асқан жұмыстарға тоқ­­тал­саңыз және қала күні мере­кесі­н­­де қандай нысандар ел игілігіне беріледі? – Тараз қаласында облыс әкі­мінің бастамасымен қыруар жұмыс атқарылды. Жеңіс саяба­ғы толықтай жаңартылды. Сая­бақ­­ты жаңғырту жұмыстары екі кезеңге жоспарланған бола­тын. 9 мамыр – Жеңіс күні мере­ке­сін­де жұртшылық алғашқы кезек­те атқарылған ауқымды жұмыс­тарға куә болды. Яғни, Төле би көшесінің бойында тұрған Бауыр­жан Момышұлының еңселі ескерт­кіші саябаққа көшіріліп, Был­ғары комбинат аумағындағы мәңгілік алау да осында келді. Тараздықтардың мақтанышына айналған «Ерлік» мемориалды кешені бой көтерді. Онда 105 мың соғыстан қайтпаған сарбаздың есімі тасқа таңбаланды. Енді мұнда «Даңқ» залы ашылады және жобаның екінші кезеңі бойынша тыл еңбеккерлеріне, Чернобыль апатының зардабын жоюшыларға және Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш тақтаның лентасы қала күні мерекесінде қиылады. Сондай-ақ, Үшбұлақ демалыс кешені пайдалануға бері­леді. Мұнда қазір екі аспалы көпір толықтай жөндеуден өтіп, каналдың жағалауларына шағын спорт алаңшалары орнатылды. Абаттандыру жұмыстары мұнда әлі жалғасады. Сондай-ақ қала күнінде Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақ та елге есігін айқара ашады. Бақтың оң жағына Халық Қаһарманы Қайрат Рыс­құлбековтың ескерткіш мүсі­ні қойылса, орталық тұсынан «Жел­тоқсан» орталығы ашылады. Саябаққа келушілерге спорт алаң­дары да қызмет көрсетіп, «Шәушен» шаруа қожалығының «Ғибрат» қымызханасы жұмыс істейді. Ал, сая­бақтың өзінде төрт су­бұрқақ іске қосылып, «Желтоқ­сан алауы» тұтанады. Шыны керек, осы уақытқа дейін орталық «Достық» ала­ңын­да кешкілік көпшілік серуен­деу­шілерге қызмет көрсететін кәсіпкерлік нүктелер біраз мәселе болып келген-ді. Енді бұл нүкте облыстық «Ардагерлер үйінің» жоғары жағындағы 5 мың шаршы метр жерге көшіріледі. Қала күні өтетін негізгі шаралар осы маңда ұйымдастырылады. Қазірге дейін көпшілікке жұмбақ болып келген «Жел­тоқсан аллеясындағы» құры­­­лыс та осы күні аяқталып, мәр­мәрдан жасалған жасанды сарқырама іске қосылады. Бұл сарқыраманың ерекшелігі – аллеяның басынан ағып келген су (бұл 1986 жыл) Төле би көшесіне жеткенде толқын болып кері қайтады. Осы кезде толқынның астынан Тәуелсіздігіміздің сим­волы – қыран бейнесі көрінеді. Бұл да облыс әкімінің идеясынан туған дүние. Көктемде «Желтоқсан аллея­сының» екі жағына павлов­ния ағаштарын отырғызған бола­­тынбыз. Бұл тал үш жылда гүл ашады. Биіктігі 25 метрге дейін өсіп, үш ай жазда гүлімен айналаны әрлендіреді. Ал маңына орналастырылған орындықтарда халық тынығып қана қоймай, ұялы телефондарын қуаттап, Wi-Fi желісіне қосыла алады және бұл аллеяда еліміздегі ең ұзын әуезді субұрқақ болады. Облыс әкімдігі ғимаратының алдына жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші қойылып, әуенді субұрқақтар қала тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлайды деген үміттеміз. Негізі, Бауыржан Момышұлының ескерткішін көшірерде халық арасында әртүрлі әңгіме айтылған еді, қазір Жамбыл Жабаевтың да мүсініне қатысты түрлі пікірлер туындауда. Әкімдік ғимараты Абай даңғылының бойында орна­­­ласқандықтан, бұл жерге ұлы ақынның ескерткішін қою керек дегендей әртүрлі пікір де ай­тылды. Бірақ облысымыз жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімімен аталатын болғандықтан, ескерткішті облыс әкімдігінің алдына орнатуды жөн көрдік. Ескерт­кіш қала күніне орайлас­ты­­рылып ашылады. «Жамбыл ес­керткіші тұрған бұрынғы ай­мақ­­та не болады деген заңды сауал туу мүмкін. Ол орын толық абаттандырылады. «Шахристан» базарының аумағындағы төрт гектар жерден көне шаһардың тарихынан сыр шертетін орта­лық­тың іргетасы қаланады. Сондай-ақ, «Былғары комбинат аумағындағы ескі үйлер бұзылып, МART сауда орталығына дейін аллеяның құры­лысы жүргізіледі. Әрине, бұл жұмыстар қала күнінен соң қолға алынады. Әзірге бұзылатын үй­лерді бағалау жұмыстары сын­ды ұйымдастыру шаралары қолға алынып отыр. Бәрін уақыт көрсетеді. – Ел ішінде «Көне Тараз қала­шығы» аумағында аспалы жол құры­лы­сы басталады» деген әңгіме жүр… – Иә, әбден мүмкін. Бұл бас­тама да облыс әкімі Асқар Иса­бек­­ұлынан шығып отыр. Мега­жоба, яғни «Көне Тараз» қала­шығынан Тектұрмас кесе­не­сіне дейін ұзындығы 1,8 шақырымды құрайтын аспалы жол құрылысы келесі жылы қолға алынады. Қазір жобаның сызбасы дайындалып, сметалық құны есептелуде. Құры­лысы басталғанда бұл жолмен жүрген туристер көне шаһардың құнды жәдігерлеріне айналған Қарахан баба, Айша бибі сынды кесенелердің макеттерін тамашалай алады. Аспалы жолдың арғы басын­дағы Тектұрмас кесенесінің аумағы толықтай жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, мұнда әруақтарға құран бағыштап, бес уақыт намаз оқитын мешіт салынады. Ал өзеннің жағасы жаңғыртылып, келушілер тынығатын орынға айналады. Тараз теміржол вокзалының алдына кәсіпкерлердің демеушілігімен Тараз қаласының көне атаулары таңбаланған тарихи ескерткіш-тақта тұрғызылды. Көне шаһарға аяқ басқан қонақтарымыз осы тақтада жазылған атаулар арқылы Тараздың кезінде қандай атауларға ие болғанын оқып таниды. Ны­сан қала күнінде ашылады. Ал «Махаббат және білім» аллея­сы­ның құрылысын аяқтауға қала күні өткеннен кейін кірісеміз. Мұн­да алдағы уақытта аққу, жү­рек, махаббат композициясы қойы­­лып, ғашықтар ескерткіші жа­ңартылады. Сондай-ақ аллея ау­мағынан коворкинг орталығы мен білім алаңшасын ашу жос­пар­ға еніп отыр. Демалыс орны­ның жоғары жағалауы толықтай таспен оюланатын болса, орта­­сында субұрқақ атқылап тұра­ды. Кіре­берісіне үлкен арка орна­ты­ла­ды. Жаңғырту жұмыстары Т.Рыс­құ­лов атындағы саябақта да өтеді. Мұнда қарағай, қайың ағашы көп болғандықтан, облыс әкімінің ұсынысымен жеке кәсіпкер сая­бақ­тан «фитобар» ғимаратының құры­лысын жүргізіп жатыр. Кәсіп­кер саябаққа тиіндер жіберіп, дема­лыс орнына келушілерді көп­теп тартпақшы. Ал саябақтағы Т.Рысқұлов ескерткіші «Мамыр» бауына көшіріледі. Әзірге жоспар осындай. Осылайша «Мамыр» бауын Т.Рысқұлов атындағы сая­баққа айналдыруды жоспарлап отыр­мыз. Қазіргі Т.Рысқұлов атын­дағы саябақ атауы «Балалар әлеміне» ауыстырылып, шағын «Диснейлендке» айналады. Ал негізгі түпкі мақсатымыз – Тараз қаласын туристік қалаға айнал­дыру. Оған мүмкіндік те, шаһардың әлеуеті де жетеді. DCIM100MEDIADJI_0020.JPG – Жыл соңына дейін облыс орталығында жаңадан бой көтеріп келе жатқан №15 ықшам ауданында бір­қатар көпқабатты үйлер ел игі­лі­гіне берілмекші. Олар қандай мемлекеттік бағдарлама аясында берілгелі отыр? – Сенесіз бе, болашақта осы жаңа ықшам ауданда 35 мың халық тұрады. Мүмкін шындыққа жанаспайды дерсіз. Анығы сол… Биыл ықшам аудандағы 80 пәтерлі 10 тұрғын үй толықтай «7–20–25» мемлекеттік бағдарламасы аясында беріледі. Қазірдің өзінде 300-ден аса пәтерді сатып алу туралы ұсыныс түсіп қойды. Негізгі оператор «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ болса, екінші деңгейлі өзге банктер де «7–20–25» мемлекеттік бағдарламасына қатысуға ниет білдіруде. Ал ықшам ауданның бас жоспары бойынша орталыққа екі үлкен спорт кешені, бизнес орталық, қабылдау үйі, балабақша және мектеп салынады. Келешекте мұнда 280 көпқабатты үй бой көтереді. Соның биыл тек 10-ының ғана құрылысын аяқтап отырмыз. Үйлердің бірінші қабаты толықтай бизнес орталықтарға беріледі. Осыған орай облыс әкімі бірінші қабаттағы пәтерлерді мердігерлерге өткізіп, есесіне олар үйдің қасбетін біркелкі қылып, әрлеп берсін деген талап қойып отыр. Бұл – екі жаққа да тиімді шешім. Сондықтан қазір бұл ұсы­ныс­қа қызығушылық танытып жатқан серіктестіктер көп. Бұдан бөлек, жаңа ықшам ауданның орта­сынан өзен кесіп өтетін бола­ды. Бұл да көп жұмысты талап етеді. Сөйтіп, аталған ауданды еуропалық қалалардың үлгісіне келтіреміз. Бір сөзбен айтқанда, 15 ықшам ауданның келешегі кемел, болашағы баянды болады. – Көңіл қуантар жаңалықтар көп екен. Дегенмен, облыс орталығында жеке үй құрылысын жүргізу үшін жер кезегінде тұрған азаматтар қата­ры жылдан-жылға артып келеді. Бұл мәселе қалай шешімін табар екен? – Иә, бұл – күн тәртібінде тұр­ған өткір мәселе. Бірақ, білесіз бе, сол кезекте тұрған алпыс мыңның үстіндегі азаматтардың қатарында басында үйі, жеке бизнесі, дүниесі түгел азаматтар да бар. Олардың көз­­­дегені – жер кезегі келген жағ­дай­­да сатып, пайда табу. Бұл – бі­­рінші мәселе. Екіншіден, осын­дай азаматтардың кесірінен расында үй құрылысын жүргізгісі келетін, басында баспанасы жоқ азаматтарға бұл көп кедергі келеді. Кезегін кім жіберсін? Сондықтан біз бүгінгі күні осы тізімде тұрған азаматтарды санатына қарай зер­де­леу жұмыстарын бастадық. Әрине, оңай емес. Бірақ осы жұмыс нәтижесін береді деген сенім­демін. Сондай-ақ қала тұр­ғын­­дарының жетпіс пайызы көп­қа­батты тұрғын үйде тұру керек. Бұл – әлемдік стандарт. Қала ірге­сіндегі Жамбыл, Байзақ аудан­дары­нан қала аумағына қосыл­ған жер телімдерінде алдымен инфра­құры­лым жүргізіп барып, жер телімін береміз. Ондай жағдайда да тізімдегі барлық азаматтың өтіні­шін қанағаттандыра алмаспыз. Енді осы мақсаттағы жұмысқа күш салуымыз керек. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Ерман Әбдиев

Толығырақ: https://aikyn.kz/2018/10/27/71726.html
Материалды көшіріп басқанда www.aikyn.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау