Версия для слабовидящих

ҰЛЫ ДАЛА – МӘДЕНИЕТ ПЕН ӨРКЕНИЕТТІҢ БЕСІГІ

Облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихаттың депутаттары, жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары мен тарихшылары, үкіметтік емес ұйымдармен саяси партиялар, бөлім басшылары қатысқан шараны қоғамдық кеңес төрағасы Қаржаубай Бекболатов жүргізді.

 
Елбасы мақаласында әлемге қазақ халқының мәдениеті мен рухани болмысын таныту, этникалық тарихын жан-жақты саралай отырып, заманауи сұранысқа сай цифрлық өркениет жағдайында қайта жаңғырту ұсынылды. «Ұлы даланың жеті қыры» атты маңызды құжаттағы жүктелген міндеттер жүзеге асырылатын жобалар тарих қойнауында жатқан, ерте кезеңдерде жазылған деректер мен материалдарды болашақ ұрпақ санасына сіңіруге мүмкіндік береді. Осыған орай, Қаржаубай Бекболатов алдымен сөз алып, баяндама жасады.

 
– Елбасы тәуелсіздік алғаннан бастап ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны бүгінгі ұрпақтың игілігіне жаратуды тынымсыз айтып келеді. Жеті саны халқымыз үшін қасиетті, киелі сан. Жеті санын мақаланың өзегі етіп алуда да терең мән жатыр. Ұлт тарихын ұлықтаған мақалада Ұлы даланы мекен еткен кешегі бабалар заманындағы аса зор мәдени және тарихи өрлеу кезеңдері үлкен бағаға ие болып отыр. Ең бастысы Елбасының мақаласы нақты ғылыми деректерге сүйене отырып жазылған, – деді төраға.

 
Сонымен қатар жиында сөз алған жазушы-журналист, мұрағатшы Мақұлбек Рысдаулет «Архив-2025» бағыты бойынша жұмыс жасау керектігін тілге тиек етті. «Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін, өркениетін, ұмыт болған құндылықтарын жастарға жаңғыртып, оны қалай келешекке сақтап қаламыз деген заңды сауал туындайды. Бұл ретте «Архив-2025» бастамасының маңыздылығын Елбасы анық аңғарып отыр. Өкінішке орай, біздер жыл өткен сайын тарихи археологиялық жерлерді жоғалтудамыз. Осыған байланысты біздің өңірде археологиялық пункт ашып, жұмыстарды жандандыру керек» – деді. Жиында ТарМУ-ның «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті Сейдахан Бақторазов, ТарМПУ-ның «Жүсіп Баласағұн» атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеу орталығының директоры Ордалы Қоңыратбаев өз ойларын ортаға салды. Ал қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің тілшісі Арайлым Шабденова жастар атынан сөз алып, мақалада айтылған басымдықтар бойынша кеңінен ой қозғады. Алдағы уақытта да қала әкімдігінің ұйымдастыруымен мақала аясында көпшілік талқылаулар ұйымдастырылмақ.

 

Зере ҚУАНЫШ Суретті түсірген Ю.Ким

 

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау