Версия для слабовидящих

ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Иә, баспана басты мәселе болып тұрған уақытта, мемлекеттік бағдарлама арқылы талай тараздықтар да қоныс тойын тойлады. Ал аталмыш бағдарлама тетігі арқылы қалада бой көтеретін 15-ші ықшам аудан құрылысы аяқталған соң 280 көпқабатты үй салынып, 33 мың халық баспана бақытына кенелмек. «Ancient Taraz-2018» халықаралық туристік форумы қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке мен форум қатысушыларына жаңа ауданның жобасын таныстырған қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов осылай деді.

 
– Жаңа заман талабына сай түрленіп келе жатқан көне Тараз шаһары бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Нәтижесінде, ежелгі қала жаңа сипат алып, күннен-күнге көркейіп, көріктеніп келеді. Соңғы жылдары салынып жатқан заманауи ғимараттар осының дәлелі. Барлығымызға белгілі, наурыз айында жарияланған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің бірінші бастамасы тұрғын үй құрылысын қарқындату. Бүгінде облыс бойынша арендалық тұрғын үй кезегінде 23 258 адам тұрса, оның 16 573-і Тараз қаласында тіркелген. Ағымдағы жылы пәтер кезегінде тұрған тараздықтарға 240 пәтер беріледі. Бұдан басқа, өздеріңізге ұсынылып отырған 15-ші шағын ауданда 800 несиелік пәтер іске қосылып, тек облыс орталығында биыл 1040 пәтер пайдалануға берілмек. Даму жобасы іске қосылған шағын ауданда 280 көпқабатты және 969 жеке тұрғын үй салынады.

 

101 Расти любимый город1

 

Жаңа ауданда 13 білім және 2 денсаулық сақтау мекемесі мен 850 орындық инновациялық-технологиялық саябақ бой көтереді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, ықшам ауданның орталығында коммерциялық және әкімшілік-шаруашылық жобалармен бірге жаңа мәдени-іскерлік орталық құрылады. 42 гектар аумақты қамтитын жаңа мәдени-іскерлік орталық заманауи талаптарға сай салынады, – деді қала басшысы Ғалымжан Райылұлы. Сондай-ақ, шағын ауданмен қатар «Шахристан» этнотарихи, «Тектұрмас» тарихи-этнографиялық кешендерінің де жобалық нобайы таныстырылды. Ал келешекте бой көтеретін Салтанат сарайы, Неке сарайы, қаржы орталығы, бизнес орталығы, жеңіл атлетика манежі, Оқушылар сарайы, мұз сарайы, сауда және ойын-сауық орталығы, Қабылдау үйі, мешіт, «Сағат» стеласы, көркемсурет галереясы, амфитеатр, көрме орталығы, «Қанат жолы», «Көне Тараз» стансасы, «Тектұрмас» стансасының орталық алаңы, «Жібек жолы» аллеясы секілді көптеген жобалардың Үкімет басшысының назарын аударғаны анық.

 
– Ежелгі Тараз Еуразия тарихында ең маңызды халықаралық сауда, қолөнер, ғылым және мәдениет орталықтарының бірі ретінде баға жетпес рөл атқарады. Мәселен, көпестер шаһары болған көне қаланы зерттеу барысында археологтар мен әлемдік ғалымдардың ғылыми еңбектерінде Шахристан кентінің орны табылғандығы айтылған. Осы орайда, заманауи талаптарға сай аумағы 3,8 га құрайтын «Шахристан» этнотарихи орталығын қайта құру туралы шешім қабылдануда, – деді қала әкімі.

 

 

Толғанай АТАБАЙ

Суреттерді түсірген Ю.Ким, А.Рысмахан

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау