Версия для слабовидящих

«Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру» мемлекеттiк көрсетілетін қызмет стандарты

Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 6 мамырдағы
№ 7-1/418 бұйрығына
2-қосымша

«Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру» мемлекеттiк көрсетілетін қызмет стандарты

      Ескерту. Стандарт жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 22.01.2019 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. «Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беру» мемлекеттiк көрсетілетін қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет).

      2. Мемлекеттiк көрсетілетін қызмет стандартын Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) әзірледі.

      3. Мемлекеттік қызметті Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары бекіткен тізім негізінде мемлекеттік ветеринариялық дәрігер (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) көрсетеді.

      Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру:

1) Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары;

2) «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elіcense.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 25.11.2019 № 406 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      4. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері:

      1) көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге немесе порталға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап – 5 (бес) жұмыс күні;

      2) көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасын тапсыруы үшін күтудің рұқсат етілетін ең ұзақ уақыты – 30 (отыз) минут;

      3) көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілетін ең ұзақ уақыты – 30 (отыз) минут.

      Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді.

Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынбаған және (немесе) мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімдерде өтінішті әрі қарай қараудан жазбаша уәжді бас тартады.

      5. Мемлекеттік қызметті көрсету нысаны – электрондық (ішінара автоматтандырылған) немесе қағаз түрінде.

      6. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі – объектінің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға және талаптарға сәйкестігі туралы ветеринариялық-санитариялық қорытынды немесе анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымдар бере отырып, объектінің ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларға және талаптарға сәйкес еместігі туралы ветеринариялық-санитариялық қорытынды (бұдан әрі – ветеринариялық-санитариялық қорытынды) не осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 10-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы уәжді жауап.

      Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру нысаны: қағаз түрінде.

Ветеринариялық-санитариялық қорытынды электрондық нысанда ресімделеді, бланкке басып шығарылады, көрсетілетін қызметті берушінің қолы қойылады және мөрмен расталады.

Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында ветеринариялық-санитариялық қорытындыны алу орны, күні мен уақыты туралы хабарлама жолданады.

      7. Мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушылар) «Ветеринария туралы» 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына сәйкес ақылы түрде (ветеринариялық-санитариялық қорытынды бланкісі үшін) көрсетіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушы екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсында және/немесе осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 16-тармағында көрсетілген мекенжай бойынша мемлекеттік қызметті көрсету орындарында орналастырылған бланктің құнын төлейді.

Портал арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға электрондық сұраным берілген жағдайда, төлем «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) арқылы немесе екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      8. Мыналардың:

      1) көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – «Мерекелер туралы» Заң) 5-бабына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен, сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.

      Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен, сағат 9.00-ден 17.30-ға дейін жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз кезек тәртібімен көрсетіледі;

      2) порталдың жұмыс кестесі – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және «Мерекелер туралы» Заңның 5-бабына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).

      9. Көрсетілетін қызметті алушы (не оның өкілі) жүгінген кезде мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті құжаттардың тізбесі:

      көрсетілетін қызметті берушіге:

      1) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжат және өкілдің өкілеттігін растайтын құжат (сәйкестендіру үшін);

      3) меншік құқығында тиісті үй-жайлардың бар екенін немесе жалдау шарты құқығында тиісті үй-жайлардың бар екенін растайтын құқық белгілейтін құжаттың көшірмесі;

      4) ветеринариялық-санитариялық қорытынды бланкісіне ақы төленгенін растайтын құжат;

      порталға:

      1) осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына қосымшаға сәйкес, көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы өтініш;

      2) меншік құқығында тиісті үй-жайлардың бар екенін немесе жалдау шарты құқығында тиісті үй-жайлардың бар екенін растайтын құқық белгілейтін құжаттың электрондық көшірмесі;

      3) ЭҮТШ арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, ветеринариялық-санитариялық қорытындының бланкісі үшін ақы төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.

      Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы, дара кәсіпкерді тіркеу туралы, меншік құқығында тиісті үй-жайлардың бар болуы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші «электрондық үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

Көрсетілетін қызметті алушылардан ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

Көрсетілетін қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды:

      1) көрсетілетін қызметті берушіге тапсырған кезде – қағаз тасығыштағы өтініштің қабылданғанын көшірмесінде құжаттар топтамасын қабылдау күні, уақыты, құжаттарды қабылдаған жауапты адамның аты, әкесінің аты (бар болса), тегі көрсетіле отырып, көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде тіркелгені туралы белгі қойылғаны растайды;

      2) портал арқылы тапсырған кезде – көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетінде» мемлекеттік қызметті көрсетуге арналған сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе көрінеді.

      10. Мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:

      1) көрсетілетін қызметті алушы ветеринариялық-санитариялық қорытынды алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігінің анықталуы;

      2) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты ветеринариялық-санитариялық қорытынды алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімінің (үкімінің) болуы;

      3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімінің болуы, оның негізінде өтініш беруші ветеринариялық-санитариялық қорытынды алуға байланысты арнайы құқығынан айрылуы.

3-тарау. Мемлекеттік органдардың, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілердің және (немесе) олардың лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      11. Көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану:

      шағым осы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 16-тармағында көрсетілген мекенжайлар бойынша көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына не тиісті жергілікті атқарушы орган басшысының атына беріледі.

Шағым жазбаша нысанда почтамен немесе жұмыс күндері көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі арқылы қолма-қол беріледі.

Мыналардың:

жеке тұлғаның шағымында оның аты, әкесінің аты (жеке басын куәландыратын құжатта бар болса), тегі, почталық мекенжайы көрсетіледі;

заңды тұлғаның шағымында оның атауы, почталық мекенжайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі. Арызға көрсетілетін қызметті алушы қол қояды.

Шағымның қабылданғанын шағымды қабылдаған адамның аты-жөні мен тегі, берілген шағымға жауап алу мерзімі мен орны көрсетіле отырып, көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде оның тіркелуі (мөртабан, кіріс нөмірі және күні) растайды.

Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Шағымды қарау нәтижелері туралы уәжді жауап көрсетілетін қызметті алушыға почта байланысы арқылы жолданады не көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесінде қолма-қол беріледі.

Портал арқылы жүгінген кезде шағымдану тәртібі туралы ақпаратты бірыңғай байланыс орталығының 1414, 8-800-080-7777 телефондары арқылы алуға болады.

Портал арқылы электрондық арыз жолдаған кезде көрсетілетін қызметті алушыға «жеке кабинетінен» арыз туралы ақпарат қолжетімді болады, ол көрсетілетін қызметті берушінің арызды өңдеуі барысында (жеткізілгені, тіркелгені, орындалғаны туралы белгілер, қарау немесе қараудан бас тарту туралы жауап) жаңартылып отырады.

      12. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау мен бақылау жөніндегі уәкілетті органға шағыммен жүгіне алады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау мен бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралады.

      13. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

4-тарау. Мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып қойылатын өзге талаптар

      14. Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыларға күту және қажетті құжаттарды дайындау уақытында жағдайлар жасалады (күтуге арналған креслолар, қажетті құжаттардың тізбесі мен оларды толтыру үлгілері бар стендтермен жарақталған құжаттарды толтыруға арналған орындар), өртке қарсы қауіпсіздік шаралары қабылданады.

      15. Көрсетілетін қызметті берушінің ғимараттары физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдардың кіруіне арналған пандустары бар кіреберіспен жабдықталған болады.

      16. Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары Министрліктің www.moa.gov.kz интернет-ресурсындағы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде орналастырылған.

      17. Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болған жағдайда, оның мемлекеттік көрсетілетін қызметті портал арқылы электрондық нысанда алуға мүмкіндігі бар.

      18. Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдағы «жеке кабинеті», сондай-ақ мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.

      19. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі анықтама қызметтерінің байланыс телефондары Министрліктің www.moa.gov.kz интернет-ресурсындағы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде орналастырылған. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8-800-080-7777.

«Мемлекеттік ветеринариялық-
санитариялық бақылау және
қадағалау объектілеріне ветеринариялық
-санитариялық қорытынды беру»
мемлекеттiк көрсетілетін
қызмет стандартына
қосымша
Нысан
(кімге)_______________________________
(жергілікті атқарушы органның ветеринария
____________________________________
саласындағы қызметті жүзеге асыратын
____________________________________
бөлімшесінің атауы)
____________________________________
(кімнен)______________________________
(аты, әкесiнiң аты (бар болса), тегi, жеке сәйкестендіру нөмірі/заңды тұлғаның атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі)
Мемлекеттік тіркеу анықтамасының (куәлігінің*) нөмірі _____________________________________
Мекенжайы___________________________

Өтініш нөмірі:

Өтініш

_________________________________________________________________________

(объектінің түрі) ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруіңізді сұраймын

_________________________________________________________________________

Объектінің атауы__________________________________________________________

Объектінің мақсаты________________________________________________________

Объектінің сипаты_________________________________________________________

Объектінің шығарылған жері ________________________________________________

Объектінің құрамы ________________________________________________________

Үй-жайға арналған меншік құқығы ___________________________________________

Орналасқан мекенжайы ____________________________________________________

Үй-жай иесінің деректері____________________________________________________

Шарттың жасалған күні_____________________________________________________

Шарттың қолданылу мерзімі________________________________________________

Шарттың ерекше талаптары_________________________________________________

Үй-жайды мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі, күні_______________________

Мынадай құжаттарды қоса беріп отырмын: ____________________________________

Байланыс телефондары _________________ E-mail _____________________________

Ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісемін.

Ұсынылған мәліметтердің дұрыстығын растаймын.

____________________________________ ___________________________ 20___ жыл

(көрсетілетін қызмет алушының аты, әкесінің аты (бар болса), тегі, қолы)

Қосымша: 1 данада____________________________________ _____________ парақ

Ескертпе: * «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 24 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлға қызметін тоқтатқанға дейін жарамды болып табылады.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау