Версия для слабовидящих

Біз біргеміз!

• Біз біргеміз!
Таразда 4 мың бетперде тегін таратылды
Арайлым Бақытжанқызы
Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен коронавирустың алдын алу мақсатында 4 мыңға жуық медициналық бетперделер көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға тегін таратылды.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезден бастап қала әкімдігіне қарасты мекемелер мен қала тұрғындары бір-біріне қол ұшын беру үшін аянып жатқан жоқ. Бірі жалғыз басты қарттарға азық-түлік жеткізсе, енді бірі көшелерде тегін бетперде мен залалсыздандыруға арналған түрлі құралдарды тегін таратуда. Сондай ақ, қайырымды жандардың бірі – Алтынай Бекенова өзінің «Алтын-ай» тігін ательесінде мерекелік демалыстарға қарамастан бетперде тігіп, бетперде таппаған жандардың сұранысын қанағаттандыруда.
Бүгінде бес тігінші күніне мыңға жуық бетперде тігіп жатырмыз. Жалпы біздің ателье 2004 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Қыз-келіншектер ел басына осындай қиын жағдай туғанда үйде отырмай, қолдан келгенше тігін тігіп, дәріханаларда жоқ масканы тігейік деп шештік. Біздің мақсатымыз – қала тұрғындарына кішкене болсын өз пайдамызды тигізу. Бетперделер бірнеше рет пайдалануға арналған, – дейді «Алтын-ай» тігін ательесінің басшысы Алтынай Тұрарқызы.
Иә, күнделікті таңғы сағат 10:00-ден кешкі 18:00-ге дейін жұмыс жасап отырған тігін ательесіне келіп кез келген тұрғын бетпердені тегін ала алады. Ал мұндағы негізгі мақсат көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға тегін бетпердені тарату.
Сондай-ақ әкімдік тарапынан бетперде тігуге арналған барлық қажетті маталар мен құралдар қыз-келіншектерге алынып берілді. Бұл орайда тігін тігетін қыз-келіншектердің басын қосып, жұмысты бастау керек болды. «Алтын-ай» тігін ательесінің қыз-келіншектері бұл жұмыстарды өздерінің жауапкершілігіне алғаны үшін алғыс білдіреміз. Бүгінде 4 мыңнан астам бетпердені тігіп, біздерге тапсырды. Ал біздің ұйым қажетті мекенжайларға таратып жатыр, – деді «Ақ жүніс»қоғамының жетекшісі Жанат Естаева.
Қаладағы өзге де тігін шеберханаларында тігінші қыз-келіншектер бетперделерді ақысыз түрде дайындауда. Игі бастаманы қолдап, қол ұшын беріп жатқан қыз-келіншектер: «қатарымыз көбейсе нұр үстіне нұр болар еді» – дейді.
«Алтын-ай» тігін ательесінің бетперделерін алғаш алушылардың қатарында 7 баланың анасы Күнсұлу Күзенбаева бар. «Біз үйден шығып жатқан жоқпыз. Бір балам Алматы қаласында. Бүгінде ешбір дәріханадан бетперде таппадық. Көрсетіп жатқан жақсылықтарыңызға мың алғыс. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Барлығымыз төтенше жағдай кезіндегі нұсқаулақтардың барлығын орындасақ аурудың таралуын тоқтатамыз» – деді көпбалалы ана. Жалпы бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау