Версия для слабовидящих

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын бекіту туралы

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу

бағдарламасын бекіту туралы

Короновирустық инфекция пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалына байланысты төтенше жағдай нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін, дара кәсіпкерлерді қолдауға арналған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 19 наурыздағы № 39 қаулысымен бекітілді.

Аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінетін болады.

Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзімге жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттер беруі арқылы іске асырылады. Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 ай.

«Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының операторы болып айқындалды. Бағдарламаға қатысушы банктердің бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алу, басқа банктердегі депозиттерге орналастыру, шетел валютасын сатып алу үшін  және өзге де мақсатқа сай емес пайдалануына тыйым салынады. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-мен бірлесіп кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті кредиттердің уақтылы және нысаналы пайдаланылуына ай сайынғы негізде мониторинг жүргізетін болады.

Аталған Бағдарламаға қатысушы банктер: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Jysan Bank» АҚ, «Жинақ Банк» АҚ ЕБ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Банк «Bank RBK» АҚ, «Нұрбанк» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ, «Альфа-Банк ЕБ» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан) АҚ» ЕҰ.

ҚР Ұлттық Банкінің

Жамбыл филиалы

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау