Версия для слабовидящих

Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларына енгізілген өзгерістер

2020 жылғы 1 ақпаннан бастап елімізде «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 4 сәуірдегі № 49 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №265 қаулысы күшіне енді.

Сонымен, Қазақстанда банктік және банктік емес айырбастау пункттеріне жаңа талаптар қойылды, атап айтқанда уәкілетті ұйымның жарғылық капиталының ең аз мөлшері белгіленген, ол:

1) республикалық маңызы бар қалаларда, облыстардың әкімшілік орталықтарында, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан әрбір айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін
100 000 000 теңгені құрайды. Норма 2020 жылғы 1 сәуірден бастап өз күшіне енеді. Облыстардың әкімшілік орталықтарында және облыстық маңызы бар қалаларда – 2020 жылғы 1 шілдеден бастап;

2) өзге жерде орналасқан әрбір айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін 50 000 000 теңгені құрайды. Ауылдар мен кішігірім қалаларда орналасқан айырбастау пунттері жарғылық капиталын 2021 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қамтамасыз ету қажет.

Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялар қызметін жүзеге асыру үшін уәкілетті ұйым өзінің банк шоттарында және (немесе) айырбастау пунктінің кассасында теңгеде немесе шетел валютасында, сонымен бірге тазартылған құйма алтындағы (бар болса) жарғылық капиталының ең аз мөлшерінің сомасының 100 (бір жүз) пайыздан кем емес ақшаның күнделікті болуын қамтамасыз етеді.

Аталған шаралар айырбастау пункттерін үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті көлемде ақша қаражаттарымен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, банктік және банктік емес айырбастау пункттерінің, сондай-ақ «Қазпошта» АҚ (оның ішінде автоматтандырылған айырбастау пункттері) жұмыс режимі жергілікті уақыт бойынша 09-00 сағаттан 20-00 сағатқа дейін шектеледі. Жұмыс кестесінің өзгеруі айырбастау пункттерінің және олардың клиенттерінің қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта қолма-қол шетел валютасын сату курсын жоғарылату фактілерін болдырмауға және халық арасында негізсіз дүрлікпе туындатпауға бағытталған.

Әуежайлар мен вокзалдарда тәулік бойы жұмыс жасайтын орындары бар. Ірі сауда орталықтарында валютаны 22:00-ге дейін айырбастауға болады.

Айтылғандардан бөлек банктік қосымшалардың көмегімен валютаны онлайн-айырбастау бойынша қызметті алуға болады. Бұл қызмет ұзақтығы бойынша небәрі бірнеше секунд қана уақыт алады және клиенттен комиссия талап етпейді. Қолданушылар ақша ауыстыру үшін айырбастау пункттерін іздеуге арналған уақытты және көлік шығындарын үнемдейді.

Мәліметтерді тіркеуге келетін болсақ, ол жеңілдетілген нысанда жүзеге асырылады. Егер операция сомасы 500 мың теңгеге дейін болса, онда клиент тек жеке басын куәләндыратын құжатты ғана ұсынады. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын халықаралық практика. Аталған шаралар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылға бағытталған.

Сомасы 500 мың теңгеден асатын ақша қаражаттарын айырбастау кезінде өзгерістер жоқ және мәліметтерді тіркеудің бұрынғы қағидалары қолданысқа ие. Норма 2018 жылдан бері қолданыста. Қызметкерлер клиенттің жеке басын куәләндыратын құжатты және заңды мекенжайын (тіркеу орнын) сұратады. Мәліметтерді дұрыс ұсыну бойынша жауапкершілік клиенттердің мойында.

Клиенттердің мәліметтері айырбастау пункттерінің тізілімі журналында электронды түрде тіркеледі және басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Кейбір жағдайларда қаржылық мониторинг органдары кейбір азаматтар бойынша олардың қызметінің заңдылығын тексеру үшін ақпарат сұратуға құқығы бар.

Жалпы, еліміздің тұрғындары валюта айырбастау кезінде қиындыққа душар болмайды, өйткені банктік емес айырбастау пункттеріне арналған жаңа қағидалар азаматтарды айырбастау операцияларын жүргізуге шектеу қоймайды.

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының

Валюталық операцияларды бақылау бөлімінің

жетекші маман-экономисі

Жібек Омарова

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау