Версия для слабовидящих

Қарқынды жұмыс қайта жалғасты

Қалада мереке күніне қарамастан жолдарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған байланысты қала әкімі Айтқазы Қарабалаев асфальт төселіп жатқан көшелерді бақылап, мердігерлерге жұмысты аяқтау мерзімін де белгілеп берген.

Дәрмен ЕРБОЛОВ, Арайлым ШАБДЕНОВА

Абай даңғылынан Көшеней көшесіне дейінгі аралықта былтыр «Таразтрансэнерго» мекемесі жылу құбырын жүргізу жұмыстарын атқарған. Қыс бойы жүргізушілердің шұңқыр жолмен жүріп мезі болғаны бәрімізге мәлім. Бүгінде осы даулы мәселенің түйіні шешілуде. Мердігер техникаларын жұмылдырып, жолдарға асфальт төсеу жұмыстарына кірісіп кетті.

Сонымен қатар автокөлік жүргізушілерінің шағымы көп айтылған Әйтиев көшесінің, Қазыбек би көшесінен Қонаев көшесіне дейінгі аралығындағы жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын «Арайстроймаркет-2003» ЖШС жүргізуде. Жалпы ені 11-12 метр болатын көшенің 570 метр жол бөлігі жөнделеді. Осындай жөндеу жұмыстарын «Ая-Сервис» ЖШС Байзақ батыр көшесінде бастаған. Енді Төле би көшесінен Ташкент көшесіне дейінгі аралықты асфальттау жұмыстарын қарқынды жүргізуде.

Ауызашар асы таратылды

Қайырымдылық жасау әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмектесу, мұқтаж жандарға қол ұшын созудан басталады. Қасиетті Рамазан айында тұрғындарға көрсетілген сауапты істің маңызы жоғары. Игілікті іске қала әкімі Айтқазы Қарабалаев та бастамашы болып, 200 азаматқа ауызашар берді.
Көмекке мұқтаж жандардың тізімі қала әкімдігіне қарасты әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынып, арнайы әзірленген ас мәзірін әкімдік қызметкерлері мен еріктілер үй-үйге жеткізіп берді.

Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен бүгінде Тараз қаласының көптеген аумағында бірқатар құрылыс және тазалық жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл бастама екі мың жылдан астам тарихы бар көне шаһардың заманауи келбетін арттыруға өзінің үлесін қосатыны сөзсіз. Осы орайда Тараз қаласының әкімі сол жұмыстарға атсалысып жүрген азаматтарды ауқаттандыруды да назардан тыс қалдырмады. Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы жылы елімізде коронавирус індетіне байланысты төтенше жағдайдың жариялануына орай ауызашарды тек тұрғындардың үйлеріне жеткізу қызметі бойынша ғана ұйымдастыру туралы шешім шығарған еді.

Шаһарда 19 үй карантин құрсауында

Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде «Бәйтерек» мөлтек ауданы, №7 үйдің 2 подъезінен COVID-19 инфекциясын жұқтырған науқас табылған болатын. Содан бері қатаң бақылауға алынған көппәтерлі үйдің тұрғындары әкімдік тарапынан азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар аталмыш үйдің кіреберісінде дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілді. Ал ауырған науқастың туыстары облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Оқшауланған үйде 47 тұрғын тұрады. Тұрғындарға қала әкімдігі арнайы азық-түлік пакеттерін дайындап, үлестіріп берді.

– Екі апта бойы тұрғындар жергілікті емхана мамандарының күнделікті бақылауында болады. Қала бойынша карантинге жабылған барлық үйге қажетті азық-түлік уақытылы жеткізілуде. Тұрғындарды азық-түлік және тұрмыстық заттармен қамтамасыз етуге әкімдікпен қоса ерікті азаматтар да атсалысып жатыр. Бүгін 13-ші ықшам ауданға 40 азық-түлік себетін қаладағы «Барчиной» дүкені ұсынып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес карантинге жабылған үйлердің тұрғындары мен көпбалалы аналарға, азық-түлікке мұқтаж отбасыларға қала кәсіпкерлерінің және еріктілердің көмегімен қала әкімдігі қол ұшын беруде, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің өкілі Нұрбол Ерланұлы.

Бүгінгі таңда қала бойынша 19 көпқабатты үй карантинге жабылса, оның төртеуі карантин құрсауынан босатылған. Бұл үйлерде шамамен 400-ге жуық тұрғын тұрады. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 158 жағдайы тіркелген, оның ішінде Тараз қаласында – 74, Байзақ ауданында – 11, Жамбыл ауданында – 5, Қордай ауданында – 37, Меркі ауданында – 3, Шу ауданында – 2, Мойынқұм ауданында – 1. Сондай-ақ Дели-Тараз рейсі жолаушыларынан 6 оқиға, Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар арасынан 19 оқиға анықталған. Ал әлем бойынша бұл көрсеткіш 3,5 миллионға жетсе, елімізде 4 мыңнан асты. Оның ішінде 1264 адам емделіп шықса, облыс бойынша індет жұқтырғандардың 51-і емделіп, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылған.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау