Версия для слабовидящих

«7-20-25» Бағдарламасының талаптары және іске асырылу барысы туралы

Қазақстанда «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» Бағдарламасы (бұдан әрі-Бағдарлама) 2018 жылғы шілдеде іске қосылды. Бағдарлама азаматтардың баспана мәселесін, оларға жеңілдетілген шарттар бойынша ипотекалық қарыз беру арқылы шешуге бағытталған. Бағдарламаның сандары Бағдарламаның негізгі шарттарын көрсетеді: «7» — бұл ипотекалық несиенің жылдық сыйақы мөлшерлемесі, «20»-бұл тұрғын үйдің бастапқы жарнасының пайыздық қатынаспен алынған ең төменгі мөлшері, «25»-бұл ипотекалық заемның жылдармен алынған ең ұзақ мерзімі.

Бағдарлама бойынша қарыз алу үшін жеке тұлға мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

  1. Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  2. Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығындағы тұрғын үйінің болмауы.
  3. Еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алынатын расталған кірісінің болуы;
  4. Ипотекалық  қарызының болмауы;
          Бағдарлама құрылыс салушыдан тек бастапқы нарықтан алуға есептелген, оны Бағдарламаға қатысушы өзі таңдайды. Бағдарлама тұрғын үй сатып алу үшін несие алу мүмкіндігін тек Қазақстан Республикасының аумағында көздейді. Бағдарлама шарттары бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы (қала маңындағы аймақтарды қоса алғанда), Ақтау, Атырау, Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғарғы құны 25 млн теңге, Қарағанды қаласы үшін 20 млн теңге және басқа өңірлер үшін 15 млн теңге. Қарыз алушыдан қарыз бергені және қызмет көрсеткені үшін комиссия алынбайды. Сонымен қатар, қажет болған кезде қарыз беруші банк кепіл мүлікті және қарыз алушының өмірін сақтандыруды өз есебінен жүзеге асырады.
           Ипотекалық тұрғын үй қарызын алу келесі 5 кезеңнен тұрады: 1) клиент тұрғын үйді табады және банкке өтініш білдіреді; 2) банк қарыз алушыны тексереді және қарыз беруді мақұлдайды; 3) клиент ССШ (сатып алу - сату шарты) жасайды және құрылыс салушыға бастапқы жарнаны енгізеді; 4) банк қарыз береді және оны құрылыс салушыға аударады; 5) клиент жаңа тұрғын үйге қоныстанады. 

         Тұрғын үй сатып алу үшін қарыз тек теңгемен беріледі. Сонымен қатар, бастапқы жарнаны 20% артық енгізуге рұқсат беріледі. Сондай-ақ, Бағдарлама тұрғын үй құрылыс жылдарын шектемейді, себебі жаңадан пайдалануға берілген бастапқы тұрғын үйлерге ғана рұқсат беріледі.

           Бүгінгі күні, Бағдарлама аясында несие алу үшін «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-мен ынтымақтастық туралы келісімі бар 8 Серіктес-Банкке жүгінуге болады: 1) «Банк ЦентрКредит» АҚ, 2) «Жинақ Банкі» АҚ, 3) «Қазақстанның Халық банкі» АҚ, 4) «Еуразиялық Банкі» АҚ, 5) «АТФБанк» АҚ, 6) «Jýsan Bank» АҚ, 7) «Bank RBK» АҚ және 8) «Forte Bank» АҚ.

Бағдарламаны іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 30 сәуірдегі жағдай бойынша еліміз бойынша қарыз алу үшін 338,81 млрд. теңге сомасына 29 756 өтінім қабылданған. Оның ішінде 200,20 млрд. теңге сомасына қарыз беруге 17 430 өтінім мақұлданған. Жамбыл облысында банктер мақұлданған өтінімдер бойынша 2,6 млрд. теңге сомасына 377 қарыз берген.

          Сонымен қатар, Бағдарлама қарыз алушының жасы бойынша шектеулерді көздемейді. Қарыз мерзімі қарыз алушымен банк арасындағы келісім арқылы анықталады.

Бағдарлама бойынша толық ақпаратты «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ресми интернет-ресурсынан  https://baspana72025.kz/ сілтемесі бойынша алуға болады.

ҚР Ұлттық Банкі

 Жамбыл филиалының

бас маман-экономисі

Джамиля Нұрбаева

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау