Версия для слабовидящих

Барлық мамандықтың анасы

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де – бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр. Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені ұстазға құрмет көрсету – білімге құрмет көрсету. Білімді құрметтемеген, ұстазын қадір тұтпаған шәкірттің ғылымда нәтижеге қол жеткізе алмайтындығы, қол жеткізсе де, тиісінше кәдеге асыра алмайтындығы қасиетті Құранда да жазылған. Тарихта ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым бір ізетпен еске алғаны мәлім. Біздің өңірде мәртебелі мамандыққа тәрбиелейтін орда – Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті. Жарты ғасырдан астам тарихы бар оқу орнының болашақ ұстаздарымен мұғалім мәртебесі туралы сөз қозғаған едік. Студенттердің пікірлерін айна-қатесіз беруді жөн көрдік.
– Төрден орын алатын мамандыққа машықтанған бес минуты кем маман ретінде педагог мәртебесі мені де айналып өтпеді. Ұстаздардың ұстанымы Ұлы дала ұрпақтарының болашағы үшін аса маңызды. Сондықтан да, саналы ұрпақтың санын арттыруды көздейтін мамандықтың межесі мен үшін биік болмақ. Алмағайып заманда ақ пен қараның ара-жігін ажыратуды үйрететін ұстаздың қатарынан табылуды мақсат етемін. Бүгінде елімізде ұстаздың орны тағы бір мәрте айшықталып, мемлекет тарапынан заң аясында қолдау табуда. Бұл шәкірт шамын жағатын ұстаздарға деген құрмет екендігі анық.
Педагог принциптері қандай болу керек? «Ұстаз» университетінің қабырғасында қаланған жас маман көзқарасымен мен бұл сұраққа тосылмай жауап бере аламын. Себебі педагогикалық шеберлікті арттыру жолында әр жыл сайын іс-тәжірибеден өтіп бапталып келеміз. Педагог принциптері алдымен шәкірт тәрбиелеумен жұптасады. Асылы, шәкіртті талабынан танып, шамын жағып, жұлдызын жарқыратып, шығармашылығын дамыту – әрбір педагогтың парызы. Сөзіме дәлел ретінде Жүсіп Баласағұнның мына бір сөзін алға тартамын: «Әрбір бала – жарық жұлдыз, жарқырауына жәрдем ет». Ықылым заманнан ұстаз орны ешкімге бергісіз тақ. Нақтырақ айтар болсақ, жүрек тербітер әнші де, білекті батыр да, ғұлама ойшыл да, белгілі өнерпаз да ұстаз атты ұлы есімнің алдынан өткендігі жасырын емес.
Ал бүгінгі білікті маманның болмысы қандай болу керек? Бәсекеге қабілетті мемлекеттің менмұндалаған жастарына білім беру – бүгінгі ұстаздарға артылған жауапкершілік. Өзімнің өмірлік жолымды бала көкжиегін кеңейтуге бағыттағаным – мен үшін әрі абырой, әрі маңызды жүк. Бағытымды бағамдап, болмысымды қалыптастыруда мен болашақ ұстаз ретінде шәкірт алдында жауаптымын. Елімізде педагогтарға қатысты бой көрсеткен мәселелер легі бары жасырын емес. Қоғамда орын алған түйткілді мәселелер, қолайсыз жағдаяттар, теріс пікірлер бүгінде актуалды. Десе де, ұстазға деген сенім мен құрмет өз биігінен түскен емес, – дейді 4-курс студенті Көркемжан Қанат.
Бүгінгі таңда ер азаматтардың қатары ұстаздық саласында сиреп бара жатқандығын білеміз. Бірақ мүлдем жоқ емес.
– «Патшалақ құру – рахат, ал ұстаздық ету – бейнет» деп З.Қабдолов айтқан сөздің мағынасын осы мамандық иесі атанып, тәжірибеден өтіп жүргелі бері түсініп жүрміз. Алдыңда отырған түрлі мінез иелерін өзіңе қаратып, білім мен тәрбие беру нағыз ұстаздық шеберлікті талап ететін дүние екеніне көзім жете түскендей. Өзіміз оқушы болып жүргенде, мұғалім болу оңай жұмыстардың бірі деп ойлайтынмын. Алайда ол ойымның мүлдем қате пікір екенін түсіндім. Ұстаздық өте үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандықтардың бірі екеніне көзім жетті. Себебі әр баланың тағдырына, оның болашағына әсер ететіндердің бірі – оның ұстазы. Ал әрбір баланың болашағы елдің болашағы болғандықтан, ол бала ұстазынан қандай тәрбие мен білім алса, сол жолды өмірінде жүріп өтетіні анық. «Көрінбес ғажап еңбектің, бейнетін кешіп жүрсіздер» деп Фариза апамыз жырға қосқандай, тәжірибеден өте келе мұғалімдік міндет, мұғалімдік қызмет тек мектеп қабырғасында ғана қалып қоймай, өзіңмен бірге жиырма төрт сағат жүретінін түсіндім. Өйткені мұғалім оқушылармен бірге үйіне қайтқан күннің өзінде өз оқушыларына жауапты. Сабақ уақыты болмай, оқушыға бір нәрсе болып қалса жауап беретін адамдардың бірі – ұстазы. Мектептен тыс, үйде болмаса сыртта, қай жерде болмасын жүрсең де, оқушыларыңды ойлап жүресің. «Оқушыларым бүгінгі сабағымды түсінді ме екен?», «Түсінбеген оқушыларға қандай әдіспен түсіндірсем болады екен?», «Қап, сабаққа келмей қалған оқушым тақырыпты түсінбей қалатын болды ғой» деген сияқты сан сауалдар әрқашан санаңда жүреді. Осыған қарап-ақ ұстаздық жолдың ауыр әрі жауапкершілігі мол мамандық екенін түсінуге болады, – дейді «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4-курс студенті Ерлан Нұрланов.
– Біз – болашақ педагогпыз. Мақсатымыз – өсіп келе жатқан жас өскінді білім нәрімен сусындатып, білім қуғандардың жолына салу. Салмағы санаға салмақ түсірердей осынау аса маңызды мамандықты таңдау жолында талаптың қатал боларын ұғына отырып, педагог болуды таңдадық. Жас өскіннің жарқын болашағы мен еліміздің кемел ел болу жолындағы білімді шәкірттің тәрбиеленуі – біздің қолымыздағы дүние. Осы жолдағы білімнің ауыр жүгін құлатып алмай, бүгінгі қоғамды ертеңгі күні алға сүйрейтін озық ойлы адам тәрбиелеу үшін де тынбай еңбектенуіміз керек. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаздық жолда үйрене жүріп үйретіп, шәкірт санасына ақыл-ой, адамгершілік пен ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңіре отырып, ұлтжанды азамат тәрбиелеу – педагогтық міндетіміз. Педагог мамандығын таңдай отыра білім іздеу жолында қыры менен сыры мол, қиын әрі жауапты болып келетін, жан-жақтылықты талап ететін мамандықты таңдадық. Пайдалы біліммен бөлісіп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратуды үйретіп, өмірлік тәжірибемізбен бөлісе отырып шәкірт жанашыры, ақылшысы, бағдаршысы бола білу – біздің алдағы міндет. Және де бұралаңы көп жолдардан сүрінбей өтіп, жүректерінде арман оты жалындап тұрған жеткіншектер жанына білім дәнін себу де бір өнер деп білемін. Педагог болу жолымда жақсылықтың жаршысына айналатын, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, есепке келгенде есесін жібермейтін, өмірде өзім ғана дейтін емес, өзгелерді де бақытқа жету жолына жетелейтін ұрпақтың өсіп-өнуі негізінде аянбай еңбек еткім келеді, – дейді 4-курс студенті Бибігүл Жылгелді.
Нағыз ұстаз болу – бақыт әрі абырой. Шындығында, мұғалім болу оңай болып көрінгенмен, нағыз ұстаз болу екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы – қиыншылығы мен рахаты бір басқа жетерлік мамандық атаулының ұлысы.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау