Версия для слабовидящих

Карантин жеңілдетілді

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында «Облыстың қалыпты тіршілігін кезең-кезеңімен қалпына келтіру жоспары» тақырыбында онлайн баспасөз конференциясы өтті.

Арайлым шАБДЕНОВА

Ағымдағы жылдың 19 мамырынан бастап карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңі күшіне енген болатын. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков хабарлады. Алайда бірқатар облыстарда коронавирустық инфекция ауруларының күрт өсуіне байланысты, сондай-ақ өңірдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Жамбыл облысының жедел штабы карантиндік шараларды ішінара жеңілдету туралы шешім қабылдады.

– Аталған шешімге сәйкес, келесі нысандардың жұмыс жасауына рұқсат беріледі: алдын ала жазылу бойынша монша кешендерінен тыс орналасқан шаштараздар мен сұлулық салондарына сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін; сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын ашық ауада жұмыс істейтін жазғы алаңдар мен дәмханалар сағат 10.00-ден 20.00-ге дейін; құрылыс материалдары мен шаруашылық тауарларын сататын базарлар сағат 7.00-ден 17.00-ге дейін; қонақ үйлер. Сондай-ақ Тараз қаласының аумағында орналасқан түлектерді ҰБТ-ға дайындау бойынша білім беру орталықтарының қызметіне рұқсат беріледі, – деді Бекболат Серікбекұлы.

Жоғарыда көрсетілген кәсіпкерлік қызмет түрлерінің жұмысын қайта бастау үшін санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтауы міндетті шарт болып табылады. Мұны арнайы мобильдік топтар қадағалайды.

Облыс тұрғындарының денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ инфекцияның таралу қаупінің жоғары болуына байланысты қоғамдық көлік қозғалысына рұқсат берілмейді. «Бүгінгі күні қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдай маршруттық автобустардың жұмысын қайта бастауға мүмкіндік бермейді. Облыс тұрғындарынан бұған түсіністікпен қарауды сұраймын», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Аталған жеңілдіктер COVID-19 таралу ошақтары бар Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарында берілмейді.

Карантиндік шаралар толық аяқталғанға дейін облыс пен Тараз қаласының периметрі бойынша автожолдарда, коронавирус ауруы анықталған елді мекендерде блокпосттар жұмыс істеуін жалғастырып, тұрғындардың қозғалысы да шектеулі болып қала береді. Жалпы бүгінгі мәліметтерге сүйенер болсақ, облыстағы пандемиялық жағдайдың көрсеткіші күн сайын өсуде. Жамбыл облысында коронавирустық инфекцияның 206 жағдайы тіркелген. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша – 93 жағдай, Байзақ ауданы бойынша – 27, Жамбыл ауданы бойынша– 6, Қордай ауданы бойынша – 45, Меркі ауданы бойынша – 6, Шу ауданы бойынша – 2, Мойынқұм ауданы бойынша – 1 жағдай.

Сондай-ақ Дели-Тараз рейсінен 6 оқиға, «Теңіз» вахталық кентінен келген қызметкерлер арасынан 22 оқиға анықталған. Барлық сырқаттанғандардың 140-ы сауығып, дәрігерлердің қадағалауындағы үй карантиніне шығарылды.

Ашық үкімет

Ашық деректер Ашық НҚА Ашық диалог Ашық бюджеттер Тиімділікті бағалау